Accessibility links

Министрлік: АҚШ-та қазақстандық екі студент ұсталды


Жарылысқа күдіктілерді ұстауға келген арнайы жасақ. Уотертаун, АҚШ, 19 сәуір 2013 жыл.
Жарылысқа күдіктілерді ұстауға келген арнайы жасақ. Уотертаун, АҚШ, 19 сәуір 2013 жыл.
АҚШ құқық қорғау органдары Бостондағы жарылысқа күдіктілер анықталған соң жүргізіліп жатқан тексеру шаралары кезінде қазақстандық екі студентті "виза режимін бұзды" деп ұстады. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов хабарлады.

Оның айтуынша, АҚШ арнайы қызметі жарылысқа күдіктілермен бірге оқыған, олармен байланысы болған адамдарды тексеріп жатыр. Қазақстандық екі студент жағдай толық белгілі болғанға дейін қамауға алынған.

Жанболат Үсенов бұған қоса Қазақстан консулы қазір Бостонда "АҚШ үкіметімен бірлесе жұмыс істеп, ұсталған екі студентпен және олардың отбасыларымен хабарласып отырғанын" да айтты.

"Қазақстандық дипломаттар ұсталғандарға адвокат табуға көмектесіп жатыр" дейді Үсенов.

Министрлік өкілі қазақстандық студенттердің аты-жөні әзірге құпия екенін, тексеру жұмыстары аяқталған соң егжей-тегжейлі ақпаратты жариялайтындарын айтады.

15 сәуір күні Бостондағы марафон кезінде болған жарылыстан 3 адам өліп, 176 адам жарақат алған. АҚШ арнайы қызметі жарылысқа күдікті - ағайынды Джохар және Тамерлан Царнаевтар деп тапқан. Джохар Царнаев 19 сәуірде қолға түсті, ал Тамерлан Царнаев арнайы операция кезінде оққа ұшты.
XS
SM
MD
LG