Accessibility links

Франция парламенті бір жыныстылар некесін қолдады


Франция парламенті елде бір жыныстылардың некеге тұруына рұқсат ететін заң жобасын мақұлдады. Парламенттің төменгі палатасы - ұлттық ассамблея жобаны сейсенбіде екінші оқылымда қабылдады. Жобаны 331 депутат қолдап, 225 депутат қарсы дауыс берді.

Заң жобасы бойынша енді бір жынысты жұбайларға бала асырап алуға да рұқсат етілмек.

Жоба француз қоғамын жікке бөліп, елде наразылық акцияларының тууына түрткі болған еді. Құжат күшіне енуі үшін оған енді президент Франсуа Олланд қол қоюы тиіс.

Бір жыныстылардың некеге тұруына қарсылар заңға байланысты конституциялық сотқа шағым түсіретіндерін айтады. Ұлттық ассамблея ғимараты маңында наразылық акциялары болуы мүмкін деген қауіппен полиция қарауылы күшейтілді.

Заң күшіне енсе, Франция әлемде бір жыныстылардың некеге тұруына рұқсат еткен 14-мемлекет атанбақ.
XS
SM
MD
LG