Accessibility links

Алматыда Бостон құрбандарын еске алды


«Бірінші болу батылдық» 2-ші қайырымдылық марафонына қатысушылар. Алматы, 28 сәуір 2013 жыл.
«Бірінші болу батылдық» 2-ші қайырымдылық марафонына қатысушылар. Алматы, 28 сәуір 2013 жыл.
Бүгін Алматыда «Бірінші болу батылдық» атты 2-ші қайырымдылық марафоны өтіп жатыр. Жарыс алдында қатысушылар биыл АҚШ-тың Бостон қаласында болған террорлық жарылыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Дәстүрге айналған қайырымдылық марафоны жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат сегізде Алматыдағы Қазақстанның тұңғыш президенті саябағынан басталды. Бірнеше сағатқа созылатын жарысқа қатысушылар Әл-Фараби даңғылы, Шығыс айналма жолы, Абай даңғылы арқылы өтетін бағытпен жүгіреді.

Марафон бағыты өтетін жерде көлік қозғалысына шектеу салынып, полиция бақылауы мен медициналық жедел жәрдем қойылды. Марафон бағдарламасында 2, 9, 21 және 42 шақырымдық төрт қашықтыққа жаяу жарыс белгіленген. Жарыстың ережесі бойынша, оған қатысуға тілек білдіргендер арнайы сайтта онлайн түрінде тіркеліп, 1000 теңге (7 доллар) жарна төлеуі тиіс.

Алматы қайырымдылық марафонынан жиналған қаржы әлеуметтік жағдайы аз дарынды спортшы балалар мен мүмкіндіктері шектеулі балаларды қолдауға бағытталатын болады деп хабарлады шараны ұйымдастырушылар.

Бостондағы жарылыс салдарынан 3 адам қаза тауып, 260 адам жараланды. Бостон жарылысының құрбандарына арналған жарыс шаралары бұған дейін АҚШ, Ұлыбритания, Испания және өзге елдерде өткен еді.
XS
SM
MD
LG