Accessibility links

Бостон жарылысын тергеуде бір адам қаза тапты


Бостондағы жарылысқа қатысты істі тергеу кезінде қаза тапты делінген Ибрагим Тодашев. Сурет Ориндж аймақтық түзеу департаментінен алынған.
Бостондағы жарылысқа қатысты істі тергеу кезінде қаза тапты делінген Ибрагим Тодашев. Сурет Ориндж аймақтық түзеу департаментінен алынған.
АҚШ Федералдық тергеу бюрсының (FBI немесе ФБР) дерегі бойынша, Бостон марафонындағы жарылысқа қатысты істі тергеу кезінде күдікті Тамерлан Царнаевпен байланысы бар деген адам қаза тапты.

Қаза тапқан адамның аты-жөні - Ибрагим Тодашев. Оқиға сәрсенбіде Флорида штатының Орландо қаласында FBI мен полиция жүргізген тергеу кезінде болған. FBI баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тодашевті тергеу кезінде "доңайбат көрсетіп, қауіп-қатер туғызғандықтан" агент атып тастаған. Агент жараланған, бірақ өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

АҚШ ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, Тодашев - этникалық шешен. Оның Бостондағы жарылысқа күдіктілердің бірі Тамерлан Царнаевпен байланысы болған.

Сәуірдің 15-і күні Бостон қаласында марафон кезінде бомба жарылысынан 3 адам мерт болып, 260-тан астам адам жараланды. Полиция жарылысқа күдіктілер ретінде ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтарды атады. Тамерлан Царнаев сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшты. Ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні Бостон қаласының шетінде ұсталды.

Джохар Царнаевпен таныстығы бар Қазақстанның 2 студенті де АҚШ-та қамауда отыр. Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевқа «Бостон жарылысына байланысты тергеу ісін шатастырмақ болды» деген айыптар тағылған. Олар Джохар Царнаевпен Массачусетс Дартмаус университетінде бірге оқыған. Оларды қорғаумен адвокаттары айналысып жатыр.
XS
SM
MD
LG