Accessibility links

"Прокуратураға заңсыз кіргендер" жазаланды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Қарағандыда "прокуратура аумағына заңсыз кірген" бір топ адамға айыппұл салынып, әкімшілік жаза берілді.

Бұл туралы Азаттық тілшісіне Қарағандының арнайы ауданаралық әкімшілік сотынан хабарлады. Әкімшілік жазаға тартылғандар - Қаражал қаласындағы АК-159/22 қатаң режимдегі түзету мекемесіндегі сотталушылардың туыстары. Олар прокуратураға сотталған туыстарының жағдайы туралы ақпарат беруді сұрап шағымданбақ болған.

Соттың ақпаратына қарағанда, мамырдың 22-сі күні «күзетілген территорияға заңсыз кірді" деген айып тағылған Татьяна Кунстман, Валентина Муртазова, Евгения Хватикова, Лиза Начальникова, Татьяна Ильченкоға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (1 айлық есептік көрсеткіш - 1731 теңге) айыппұл салынған.

Сотталғандардың туыстарына заңгерлік көмек көрсетіп жүрген Руслан Оздоев та осы айып бойынша 7 тәулікке қамалған. Оздоевқа бұған қоса "билік өкілінің заңды талабына бағынбады" деген айып тағылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

Азаттық тілшісі сотталушылардың бірінің туысы Татьяна Ильченкомен сөйлескен еді. Оның айтуынша, Қаражал түрмесіндегі жақындарының жағдайы туралы ақпарат беруді сұрап облыстық прокурордың орынбасарына арыз тапсырмақ болып келген сотталушылардың туыстарын прокуратурада ешкім қабылдамай қойған.

«Амалы таусылған» әйелдер прокуратураның қақпасына шығып, ішке енбек болған.

Осыдан бірнеше күн бұрын қылмыстық атқару жүйесі комитеті Қаражал түрмесінде «тінту шарасына наразылық ретінде» отыз сотталушының денесін жарақаттағанын хабарлаған еді.

Түрмедегі жақындарына алаңдаған сотталушылардың туыстары бұған дейін колония басшылығынан жақындарын көрсетуді талап еткен еді. Олардың айтуынша, колония басшылығы әлі күнге дейін жауап бермей отыр.

Сотталушылардың туыстары енді Астанаға барып, бас прокуратура, "Нұр-Отан" партиясы және басқа да құзырлы органдарға шағымдануды жоспарлап отыр.

- Біздің арызымызға ешкім назар аудармаса, онда аштық жариялаймыз, - дейді Татьяна Ильченко.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG