Accessibility links

"Бавария" Чемпиондар лигасында үздік шықты


Томас Мюллер "Баварияның" жеңісіне қуанып тұр. Лондон, 25 мамыр 2013 жыл
Томас Мюллер "Баварияның" жеңісіне қуанып тұр. Лондон, 25 мамыр 2013 жыл
25 мамыр күні Лондонда өткен футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының финалында Мюнхеннің "Бавариясы" Дортмундтың "Боруссиясын" 2:1 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды. Матчтағы есепті 60-минутта хорватиялық легионер Марио Манджукич ашты. Жеті минуттан соң түрік текті Илкай Гүндоған пенальтиден есепті теңестірді. 89-минутта "Бавария" шабуылшысы, голландиялық легионер Арьен Роббен жеңіс голын соғып кетті.

Германиялық екі клуб арасында өткен тартысқа толы ақтық матчтың бірінші таймында "Боруссия" басымырақ ойнап, бірнеше мәрте доп соғуға шақ қалған. Ал екінші таймда "Бавария" күші үстем команда ретінде көрінді.

"Бавария" бес мәрте Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанып, дәл осыншама мәрте финалда жеңілген. Ал "Боруссия" бір мәрте чемпион атанған.

УЕФА Чемпиондар лигасының финалына бір елдің екі клубы шыққан оқиға бұған дейін үш мәрте болған. 2000 жылы испаниялық "Реал" мен "Валенсия", 2003 жылы италиялық "Милан" мен "Ювентус", ал 2008 жылы англиялық "Манчестер Юнайтед" пен "Челси" финалда ойнаған еді. Еуропалық үздік клубтар арасында өтетін бұл жарыс 1955 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.
XS
SM
MD
LG