Accessibility links

"Қорғас ісі" бойынша сотта алдын ала тыңдау бірнеше күнге созылмақ


Алматы облысындағы кеден бекеттерінің бірі. Көрнекі сурет.
Алматы облысындағы кеден бекеттерінің бірі. Көрнекі сурет.
Бүгін Алматыда басталған "Қорғас ісі" бойынша соттың алдын ала тыңдауы өтті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

«Қазақстан-Қытай шекарасында контрабандалық жолмен тауар өткізу желісін ұйымдастырып, кәсіпкерлерден ақша жинаған» деп айыпталған адамдардың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы бүгін басталған. Алдын ала тыңдау Алматыдағы ЛА-155/18 тергеу абақтысында жабық түрде өтті.

Алдын ала тыңдаудан соң брифинг өткізген жоғарғы сот баспасөз қызметінің жетекшісі Евгения Дробязко ендігі сот тыңдауы ашық түрде өтетінін және оның бірнеше күнге созылуы мүмкін екенін айтты.

"Қорғас ісі" деп аталған бұл қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауына Алматы қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери сотының төрағасы Советхан Сәкенов төрағалық етіп отыр. Айыпталушы 45 адамның арасында арнайы қызмет органдары мен кеден саласының қызметкерлері бар.

Айыпталушы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 5-департаментінің бұрынғы бастығы Талғат Жақаевтың адвокаты Татьяна Кобылкина алдын ала тыңдаудан соң журналистерге Жақаев пен басқа да айыпталушылардың қамаудағы жағдайы "адам төзгісіз" екенін айтты.

Қаржы полициясының ақпаратына сай, айып тағылған 45 адамның 42-сі - қамауда отыр, үшеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Бұлардан бөлек 19 адамға іздеу жарияланған. Қылмыстық істің бір бөлігі 19 адамға арналған.

«Қорғас» – Қазақстан-Қытай шекарасындағы негізгі кеден бекеттерінің бірі. Автомобиль жолы арқылы Қазақстан мен кейбір көрші елдерге Қытайдан жеткізілетін жүктің үлкен бөлігі осы бекет арқылы өтеді.
XS
SM
MD
LG