Accessibility links

Царнаевтың әпкесі айыпты мойындамады


Бостон марафонындағы жарылысқа күдікті Джохар Царнаев.
Бостон марафонындағы жарылысқа күдікті Джохар Царнаев.
Бостон марафонындағы жарылысқа күдікті Тамерлан және Джохар Царнаевтардың бірге туған туысы Белла Царнаева өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

24 жастағы Белла Царнаева Бостон марафонындағы жарылысқа дейін-ақ, 2012 жылы желтоқсанда Нью-Джерсиде тұтқындалған. Адвокатының айтуынша, оған "есірткі сақтап, таратпақ болды" деген айып тағылған. Онымен бірге тұрған Ахмад Халил есімді этникалық шешен азаматына да "есірткі сақтады" деген айып тағылған.

Нью-Джерсиде өткен сотта Царнаева мен Халил өздерінің кінәсін жоққа шығарған.

Билік өкілдері Белла Царнаеваның ісін бауырлары Тамерлан және Джохар Царнаевтың ісімен байланыстырып отырған жоқ. Оның ісі ағайынды Царнаевтар 15 сәуірде марафонда болған жарылысқа күдікті деп танылған соң көпке белгілі болған.

Сәуірдің 15-і күні Бостон қаласында марафон кезінде бомба жарылысынан 3 адам мерт болып, 260-тан астам адам жараланды. Полиция жарылысқа күдіктілер ретінде ағайынды Тамерлан (26 жастар) мен Джохар (19 жаста) Царнаевтарды атады. Тамерлан Царнаев сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшты. Ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні Бостон қаласының маңында ұсталып, қазір қамауда отыр.
XS
SM
MD
LG