Өткен аптаның сурет баяны
27 мамыр – 1 маусым, 2013

1
Астанаға барған банк борышкерлері мәселелерін шешуді талап етіп, «Бәйтерек» монументі жанында аштық жариялады. Жарты сағаттан кейін полиция наразы топты автобусқа күштеп мінгізіп алып кетті. Астана, 27 мамыр 2013 жыл.

2
Жоғарғы сот Жаңаөзен оқиғасына байланысты сотталған алты адамның жазасын екі жыл мерзімге шартты жазаға алмастырып, оларды қамаудан босату туралы шешім шығарды. Астана, 28 мамыр 2013 жыл.

3
«Жаңаөзен ісі» бойынша сотталған азаматтардың жақындары түрме ауласында күтіп тұр. Орал, 31 мамыр 2013 жыл.

4
«Жаңаөзен ісі» бойынша жазасы шартты жазаға ауыстырылған Нұрлан Асқарұлы, Марат Әминов, Қайрат Әділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непес пен Мұрат Қосбармақов маусымның 1-інде түрмеден шықты. Суретте: «Жаңаөзен ісі» бойынша шартты жазамен босатылғандар түрме ауласынан шығып бара жатыр.

5
27 мамырда «Діни араздық тудырды» деген айып тағылып психиатриялық ауруханаға жатқызылған құқық қорғаушы, журналист Александр Харламов (суретте) қайта абақтыға жіберілді. Бірнеше жыл бойы интернетте атеистік көзқарастағы жазбаларын жариялап, кейбір діни ағымдарды сынап келген Харламовқа жеті жылдық түрме жазасы кесілуі мүмкін.

6
Мамырдың 29-ында Азаттық радиосының құрылғанына 60 жыл толуына орай «Азаматтық журналистика» айдарымен әуесқой видео сюжеттерге жариялаған байқау жеңімпаздары марапатталды. Азаттықтың видео-байқауының жеңімпазы Серік Нәжімов (суретте сол жақта) пен үшінші орын иегері Асан Қуанышкереевке (суретте оң жақта) жүлделері табысталды. Алматы, 29 мамыр 2013 жыл.

7
Азаттықтың видео-байқауының 2-орын жеңімпазы Қабдырахим Қалымға жүлдесі табысталды. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл.

8
Оппозициялық «Азаттық» сыйлығы ауызша тапсырылды. «Азат» оппозициялық партиясының жетекшісі Болат Әбілев «Азаттық» сыйлығын бейнелейтін мүсіндер мен дипломдардың жоқтығын, олардың «Балға» ұйымының кеңсесін тінту кезінде тәркіленгенін айтты. Суретте: «Балға» қоғамдық ұйымының кеңсесін тінтіп, мүлкін тәркілеп жатқан қаржы полициясының қызметкерлері. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл

9
Тінтуден бір күн бұрын билікшіл БАҚ бетінде тыйым салынған «Алға» партиясының мүшесі Перизат Қасымованың «Азаттық» сыйлығының қуғынға ұшыраған бизнесмен Мұхтар Әблязов тағайындап отырғаны айтылған мәлімдемесі жарияланған. Перизат Қасымованың сөзіне сілтеме жасаған бас прокуратура мамырдың 30-ы күні «Балға», «Арқа сүйеу» ұйымдарының кеңселерінде тінту жүргізді. Суретте: «Балға» қоғамдық ұйымының жетекшісі Марат Жанұзақовты (ортада) қаржы полициясының қызметкерлері әкетіп барады. Алматы, 30 мамыр 2013 жыл.

10
Алматыда «Қазақстан-Қытай шекарасында контрабандалық тауар өткізу желісін ұйымдастырып, кәсіпкерлерден ақша жинаған» деп айыпталғандардың алдын ала сот тыңдауы басталды. 45 айыпталушының арасында ҰҚК мен кеден қызметкерлері бар. Суретте: Қорғас ісіне қатысты айыпталушы Ерлан Абдрахмановтың қорғаушысы әрі әкесі Болат Абдрахманов (сол жақта), айыпталушы Талғат Жақаевтың адвокаты Татьяна Ковылкина. Алматы, 29 мамыр 2013 жыл.

11
Маусымның 1-інде Мемлекеттік «ҚазАқпарат» агенттігі қуғындағы оппозициялық саясаткер, банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі мен кәмелетке толмаған қызын Италиядағы Рим қаласының полициясы «Орталық Африка республикасының жасанды төлқұжатымен жүрген жерінде» ұстап, Қазақстанға «депортациялағанын» хабарлады.

12
Маусымның 1-інде Алматыдағы Тәуелсіздік монументі жанында 30 шақты белсенді әйел қолдарына президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ана мен балаға қамқорлық жасауы туралы сөздері жазылған плакаттар ұстап шықты. Олар зейнетақы жүйесі реформасында қамтылған «декреттік төлемдерді қысқарту», «алимент мөлшерін азайту» және «әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-ке дейін ұлғайтуға» қарсы. Жиналғандар наразылығын айта-айта шаршағандарын білдіру үшін ауыздарын ақ матамен жауып алған.