Accessibility links

Ердоған: Таксим алаңында құрылыс тоқтамайды


Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған журналистер алдында сөйлеп тұр. Тунис, 6 маусым 2013 жыл.
Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған журналистер алдында сөйлеп тұр. Тунис, 6 маусым 2013 жыл.
Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, үкімет наразылық акцияларына қарамастан Стамбулдың Таксим алаңында құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарынан бас тартпайды. Бұл туралы ол бейсенбіде Тунисте жүрген сапарында айтты.

Сапар барысында журналистерге жауап берген Ердоған Түркияда наразылық танытып жатқан шерушілер арасында "террористік ұйымдардың өкілдері барын" айтты. Бірақ ол ұйымдардың атын атамады. Түрік премьері бұған қоса "наразылық шерулеріне қатысы бар" деген күдікпен жеті шетел азаматының ұсталғанын да айтты.

Өткен жұмада Стамбулда полиция Таксим алаңындағы паркке құрылыс жұмыстарын жүргізуге қарсылық танытқандарды күшпен басып-жаншыған еді. Полицияның бұл әрекеті Стамбул мен басқа да қалаларда жаппай наразылық шерулеріне ұласты. Анкарада шерушілер саяси талаптар қойып, премьер-министр Режеп Тайып Ердоған үкіметінің отставкаға кетуін талап етті.

Режеп Тайып Ердоған бұған дейін де "наразылықтар демократияға сай емес және қарсылық шерулерінде экстремистік элементтер бар" деген. Бірақ кейін оның орынбасары Бүлент Арынч демонстранттардың талабы заңды деп, полицияның шерушілерді басып-жаншығанына кешірім сұраған.

Бір аптаға жуық уақытқа созылған наразылық шерулерінде екі адам қаза тапты, жүздеген адам жараланды.
XS
SM
MD
LG