Accessibility links

АҚШ соты Тәжаяқов пен Қадырбаевтың ісін шілдеде қарайды


Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. Фото әлеуметтік желіден алынды. 23 сәуір 2013 жыл.
Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. Фото әлеуметтік желіден алынды. 23 сәуір 2013 жыл.
Бостон марафонындағы жарылыстарды тергеу ісіне кедергі келтірмек болды деп айыпталып қамауда отырған қазақстандық Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау шілде айында өтеді. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне Тәжаяқовтың адвокаты Аркадий Бух хабарлаған.

Оның айтуынша, сот қазақ студенттеріне қатысты алдын ала тыңдауды Бостон жарылысына негізгі айыпталушы саналатын Джохар Царнаевтің ісі бойынша тыңдау басталатын шілденің 10-на белгілеген. Заңгер бұл АҚШ сотындағы «әдеттегі жағдай» екенін, «іс алқабилер сотына жеткенде әрқайсысы бөлек сотта қаралатынын» айтқан.

«Егер алдын ала тыңдауда айыпталушылар өзіне тағылған айыпты мойындайтынын мәлімдесе, сот жаза мерзімін қысқарту мәселесін қарайды. Ал егер мойындамайтынын айтса – кінәсіздігін дәлелдеу үшін алқабилер соты тағайындалады» дейді Бух.

Адвокат осы іс бойынша «алқабилер сотының шешімі әділетті болуы үшін» сот отырысын Бостоннан басқа жерге ауыстыруды сұрамақ ниетте. Ол алқабилер сотын тағайындау «бір-екі жылға созылуы да мүмкін» деген болжамымен бөліскен.

Сәуірдің 15-і күні Бостон қаласында марафон кезінде бомба жарылысынан 3 адам мерт болып, 260-тан астам адам жараланды. Полиция жарылысқа күдіктілер ретінде ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтарды атады. Тамерлан Царнаев сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшты. Ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні Бостон қаласының шетінде ұсталды.

Массачусетс Дартмаус университетінде Джохар Царнаевпен бірге оқыған әрі дос болған қазақстандық студенттер Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев «Бостон жарылысына байланысты тергеу ісін шатастырмақ болды» деп айыпталып, қазір АҚШ-та қамауда отыр.
XS
SM
MD
LG