Accessibility links

Стамбулда мыңдаған адам көшеге шықты


Гези паркіндегі демонстранттар. Стамбул, 13 маусым 2013 жыл.
Гези паркіндегі демонстранттар. Стамбул, 13 маусым 2013 жыл.
Стамбулда жексенбіге қараған түні мыңдаған адам полицияның Гези паркіндегі шерушілерді қуып тарату үшін су шашып, көзден жас ағызатын газ қолданғанына наразылық білдіріп көшеге шықты. Наразылық танытушылар премьер-министр Режеп Тайып Ердоған үкіметіне қарсы шерулерді бұдан ары жалғастыра беруге шақырды.

Сенбіде премьер-министр Режеп Тайып Ердоған демонстранттарға парктен кетуді қатаң талап еткен соң полиция паркті босатуға кіріскен еді.

Демонстранттардың біразы паркті тастап шыққан соң ол жерге шерушілер құрған шатырлар мен бөгеттерді бұзу үшін бульдозерлер мен алаң тазалайтын басқа да техникалар кіргізілді.

Бірақ үкімет құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ағаштардың оталмайтынына уәде бергеніне қарамастан демонстранттардың біразы парктен әлі кетпей отыр.

Ресми орындар паркті көркейту жұмыстарын жүргізбес бұрын соттың паркте құрылыс жұмыстарын жүргізудің қаншалықты заңды екендігі туралы шешімін күтетінін айтады. Билік бұған қоса паркте құрылыс жұмыстарын жүргізуді референдумда дауысқа салуды да көздейді.

31 мамыр күні Гези паркіндегі құрылысқа қарсы акция болып, полиция оны күшпен таратқан соң бірнеше қалада қарсылық шерулері басталған. Шерулер біртіндеп үкіметке қарсы сипат алып, демонстранттар Ердоған үкіметінің отставкаға кетуін талап еткен.

Наразылық шерулері басталғалы бері үш адам қаза тауып, 5 мыңнан астам кісі жараланды.
XS
SM
MD
LG