Accessibility links

Түркияда бес кәсіподақ жұмысшылары шеруге шықты


Үкіметке қарсылық танытушылар Стамбулдағы Галата көпірі маңына жиналды. Түркия, 16 маусым 2013 жыл.
Үкіметке қарсылық танытушылар Стамбулдағы Галата көпірі маңына жиналды. Түркия, 16 маусым 2013 жыл.
Түркияда бес кәсіподақтың жұмысшылары полицияның Стамбулдағы Гези паркінде шерушілерді тарату үшін күш қолданғанына наразылық танытып, көшеге шықты.

Бюджеттік сала қызметкерлері, инженерлер мен құрылысшылар, дәрігерлер бір күнге жұмыстарын тоқтатып, жалпыхалықтық ереуілге қосылды. Ереуілге елдегі кәсіподақтар федерациясы қолдау білдірді.

Кәсіподақтар бірлесе жасаған мәлімдемеде премьер-министр Режеп Тайып Ердоған басқаратын Әділет және даму партиясы "15 маусымда Гези паркінен шерушілерді күштеп шығару арқылы халыққа қарсы шабуыл жасады" деді.

31 мамыр күні Гези паркіндегі құрылысқа қарсы акция болып, полиция оны күшпен таратқан соң бірнеше қалада қарсылық шерулері басталған. Шерулер біртіндеп үкіметке қарсы сипат алып, шерушілер Ердоған үкіметінің отставкаға кетуін талап еткен.

Түркия құқық қорғаушылары жексенбідегі наразылықтарда Стамбулда 441 шеруші, Анкарада 56 шеруші тұтқындалғанын айтады.
XS
SM
MD
LG