Accessibility links

АҚШ пен Қазақстан биотехнология саласында ынтымақтаспақ


Қазақстан мен АҚШ биотехнология, табиғи ресурстарды игеру салаларында ынтымақтасудың жоспарын жасайды деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Керри-Энн Джонс. Бұл туралы "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі хабарлады.

Қазақстанда сапарлап жүрген Керри-Энн Джонс бүгін Астанада ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастық бойынша қазақстан-америка комиссиясының алғашқы отырысына қатысып жатыр.

"Екі ел ынтымақтастықтағы басты үш бағытты айқындады. Олар - биомедициналық салада, өндірістің қоршаған ортаға қаупін азайту мәселелері бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу, табиғи ресурстарды қоршаған ортаға зияны тимейтіндей игеруде ынтымақтастық орнату" деді Керри-Энн Джонс.

Ал жиынға қатысқан Қазақстанның индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев ынтымақтастықтың бұл үш бағыты Қазақстан үшін басымдыққа ие екенін айтты. Министр бұған қоса биомедициналық салада зерттеулер жүргізуде қазақстандық ғалымдар АҚШ-тың жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтарына тәжірибеден өтуге жіберілетінін де жеткізді.
XS
SM
MD
LG