Accessibility links

Бішкек Әблязовтың "қырғыз паспортын" тексеріп жатыр


Мұхтар Әблязов.
Мұхтар Әблязов.
"Мұхтар Әблязовқа Қырғызстан құжаты берілді" деген дерек бойынша жинақталған материалдар мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне жіберілді" деп хабарлады Қырғызстанның мемлекеттік тіркеу мекемесі Азаттықтың Қырғыз қызметіне 28 маусым күні.

Бұған дейін қырғыз ақпарат құралдары "қуғындағы қазақ оппозициялық саясаткері, банкир Мұхтар Әблязовқа Қырғызстанның Аламүдүн паспорт бөлімінде Нурдин Бекович Осмонов деген адамның атына жазылған құжат берілгенін" хабарлаған еді.

"БТА банк" директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныс тепкен. Кейінірек Ұлыбритания оған саяси баспана берді. Қазақстан үкіметі Мұхтар Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген.

2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовты "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов апелляциялық шағым жазғанымен, Ұлыбритания соты шешімді өзгертпеді.

2013 жылы 1 маусымда Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен оның кәмелетке толмаған қызы Алуа Әблязованың Рим қаласы маңында тұрып жатқан жерінен Қазақстанға депортацияланғаны хабарланған еді. 3 маусымда бас прокуратура Алма Шалабаевадан Алматы қаласынан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынғанын мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG