Accessibility links

Әскерилер Египетте жаңа сайлау өткізуі мүмкін


Мұхаммед Мурсиге қарсы египеттік әйелдер президенттің отставкаға кетуін талап еткен шеруге шықты. Тахрир алаңы, Каир, 2 шілде 2013 жыл.
Мұхаммед Мурсиге қарсы египеттік әйелдер президенттің отставкаға кетуін талап еткен шеруге шықты. Тахрир алаңы, Каир, 2 шілде 2013 жыл.
Египеттің мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, "әскерилер жаңа президент сайлауын өткізу жоспарын жасап жатыр". Ол сайлау президент Мұхаммед Мурси оппозициямен келісе алмаған жағдайда өтеді. Жаңа сайлау өтетін болса, конституцияның күші тоқтатылмақ.

Египет қарулы күштерінің басшылары президентке үш күн ішінде, яғни шілденің 3-іне дейін оппозициямен саяси диалог орнату туралы ультиматум қойған. Ультиматум орындалмаған жағдайда әскерилер бейбітшілік орнату жоспарын орындауға кіріспек. Оппозициялық топтар өз тараптарынан келіссөз жүргізетін өкіл ретінде Мұхаммед әл-Барадеиді ұсынып отыр.

Мурсидің қарсыластары оның отставкаға кетуін талап етіп отыр. Олар Мурсидің отставкаға кететін мерзімін де белгілеген еді. Бірақ ол мерзім бітіп, бірнеше күннен бері шерушілер Каирдің Тахрир алаңына жиналып тұр.

Ал Мурсидің жақтастары Каирдің Наср ауданына шоғырланды. "Мұсылман бауырлар" ұйымы жетекшілерінің бірі Мұхаммед әл-Белтаги мемлекеттік төңкерісті болдырмау үшін "азап шегуге" дайын болуға шақырды.

2012 жылдың қараша айында Мурси өзінің құзыретін күшейткен заң шығарған еді. Онда "президент шығарған барлық жарлықтар, шешімдер мен заңдарды талқылап, шағым айтуға болмайды" деп жазылған. Сол жолы Египет оппозициясының жетекшісі Мұхаммед Әл-Барадей "Мурси өзін жаңа перғауын ретінде сезінеді" деп мәлімдеген еді.

2011 жылы ақпанда халықтың жаппай наразылық танытуынан соң Хосни Мүбәрак биліктен кетті. Бұдан соң жоғарғы әскери кеңес Египеттегі атқарушы билік қызметіне уақытша ие болып қалды. 2012 жылы маусым айында өткен президент сайлауында "Мұсылман бауырлар" ұйымының өкілі Мохаммед Мурси жеңіске жеткен еді.
XS
SM
MD
LG