Accessibility links

Қытай: Бо Силайға айып тағылды


Бо Силай
Бо Силай
Қытайда Чунцин қаласының бұрынғы басшысы Бо Силайға «жемқорлық» және «қызмет бабын асыра пайдалану» баптары бойынша айыптар тағылды.

Бейсенбі күні прокуратура оның үстінен қозғалған іс материалдарын Цзинань қалалық сотына тапсырғаны хабарланды. Енді көп ұзамай сот процесі де басталуы тиіс, бірақ әзірге оның нақты мерзімі жарияланған жоқ. Тергеу құжаттарында Бо Силайдың іс-әрекеті «Қытай мемлекеті мен азаматтарының мүддесіне айтарлықтай нұқсан келтіргені» жазылған.

Қытай коммунистік партиясының аймақтық ірі басшыларының бірі болған Бо Силай осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын дауға іліккен еді. Ресми хабарда ол «көмекшісі АҚШ-қа қашпақ болғаны үшін» отставкаға кеткені айтылды. Оның көмекшісі әрі полиция басшысы Ван Лицзюнь 2012 жылы ақпанда АҚШ консулдығына барып саяси баспана сұраған.

Көп ұзамай Бо Силайға «отбасы мүшелерімен бірге жемқорлыққа араласты және әйелінің кісі өліміне қатысты қылмысын жасыруға тырысты» деген айып тағылғаны туралы хабар тарады.

Чунцин қаласындағы жұмысында коррупцияға қарсы қызметімен жақсы танымал болған Бо Силай қытай компартиясының тұрақты саяси кеңесіне мүшелікке басты үміткер болатын.

Бо Силайдың айыпталуы Қытайда соңғы бірнеше жылдағы ең үлкен саяси жанжал болды. Сол даудан соң Қытайда саяси бюроның бірталай басшысы қызметінен кеткен.
XS
SM
MD
LG