Accessibility links

Біртұтас зейнетақы қорын құруға тапсырма берілді


Жинақтаушы зейнетақы қорының көшедегі баннері. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл. Көрнекі сурет.
Жинақтаушы зейнетақы қорының көшедегі баннері. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл. Көрнекі сурет.
Қазақстан үкіметі қаржы министрлігіне біртұтас зейнетақы жинақтау қорын құру туралы тапсырма берді деп хабарлайды нормативтік-құқықтық актілердің ақпараттық құқықтық жүйесі сайтына сілтеме жасаған ақпарат агенттіктері.

Үкіметтің біртұтас зейнетақы жинақтау қорын құру туралы тапсырма берген қаулысы 31 шілдеде шыққан. Онда үкімет "Мемлекеттік мүлік туралы" және Қазақстан республикасындағы зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" заңдарға сәйкес қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру туралы комитетіне мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының ұлттық банкке тиесілі мемлекеттік акция пакеттерін заң тәртібі бойынша қабылдап алуды тапсырғаны айтылады.

Қаулыда бұған қоса мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының атауын "Біртұтас жинақтаушы зейнетақы қоры" деп өзгерту, бірқатар зейнетақы жинақтау қорларын біртұтас зейнетақы жинақтау қорының меншігіне өткізу тапсырылған. Олардың қатарында "Халық банкінің" жинақтаушы зейнетақы қоры, "Казкоммерцбанктің" "ГРАНТУМ" зейнетақы қоры және "Ұлар Үміт" жинақтаушы зейнетақы қоры бар.

Біртұтас зейнетақы жинақтау қорын құруға қатысты "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорына да тапсырмалар берілген.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енген.

Үкіметтің 2013 жылы қаңтардың 23-і күні өткен кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірыңғай зейнетақы қорын құру туралы ұсыныс жасаған еді.
XS
SM
MD
LG