Accessibility links

Козловты құттықтап келгендерді полиция ұстаған


Оппозиция жетекшісі Владимир Козловтың туған күнімен құттықтауға келе жатқан белсенділер. Петропавл қаласы, 10 тамыз 2013 жыл. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.
Оппозиция жетекшісі Владимир Козловтың туған күнімен құттықтауға келе жатқан белсенділер. Петропавл қаласы, 10 тамыз 2013 жыл. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл маңындағы ЕС 164/3 колониясында жазасын өтеп жатқан оппозиция жетекшісі Владимир Козловты бүгін, 10 тамызда туған күнімен құттықтауға Қазақстанның әр аймағынан белсенділер келген.

Шараға қатысқандардың бірі Игорь Коловтың Азаттыққа айтуынша, Заречный кентіндегі түрме алдында «Туған күніңмен, Володя!» деген жазуы бар шарларды әуеге жіберген соң белсенділер қала орталығына барып, почта бөлімшесінен Козловты құттықтап жеделхат жіберген.

«Сол жерден шыққанда бес әйелді полиция ұстаған. Себебін сұрағанымда полиция өкілі «олар үнпарақ таратты» дегенді айтты. Үнпарақ тарату – әр азаматтың заңды құқығы ғой деген уәжге полиция шенеуігі: «мазмұнына сараптама жасалады, заңсыз болып шықса жауапқа тартылады» деп жауап берді» деді Колов.

Оның айтуынша, ұсталған бес әйелден полиция бөлімінде бұл қалаға қандай мақсатпен келгені туралы түсіндірме жазып алған соң босатқан. Белсендінің айтуынша, Петропавлға Қазақстанның әр аймағынан барғандардың көпшілігі сол күні үйлеріне қайтқан.

Бұл оқиғаға байланысты Азаттық тілшісі хабарласқан Петропавл қаласы полициясының 1-бөлімінің кезекшісі полиция аға лейтананты Бимақов ешқандай ақпарат бере алмайтынын айтты.

Осы аптаның басында Қазақстан жоғарғы сотының қылмыстық істер бойынша алқасы оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың ісін қайта қараудан бас тартқан. Бұл сот үкімге шағымдануға болатын Қазақстандағы соңғы инстанция еді.

Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық соты 2012 жылы 8 қазанда тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловты 7 жыл 6 айға соттап, мүлкін тәркілеуге үкім шығарған. Оған «әлеуметтік араздық қоздырды», «конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақырды», «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айыптар тағылды.

2012 жылы 19 қарашада Маңғыстау облыстық соты Козловтың апелляциясын қарап, үкім өзгеріссіз қалған еді.
XS
SM
MD
LG