Accessibility links

Назарбаев терроризмнен сақтану туралы ереже бекітті


Полициямен белгісіз топ арасындағы қақтығыс кезіндегі арнайы полиция жасағы. Алматы, 30 шілде 2012 жыл. Көрнекі сурет.
Полициямен белгісіз топ арасындағы қақтығыс кезіндегі арнайы полиция жасағы. Алматы, 30 шілде 2012 жыл. Көрнекі сурет.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен "терроризм қаупі туындағаны жайында халықты хабардар ету және ол туралы ақпараттарға мониторинг жасау туралы" ережені бекітті. Ереже мен ол туралы жарлық бүгін ресми ақпарат құралында жарияланды.

Ережеде халыққа терроризм қаупі туындағанын хабарлайтын және ол туралы ақпараттарға мониторинг жасайтын мемлекеттік жүйеге қандай органдар кіретіні көрсетілген. Онда теракті жасалуы мүмкін деген ақпарат түскен жағдайда оны мемлекеттік лауазымды тұлғаларға жеткізу тәртібі де қарастырылған.

Ереже бойынша, теракті қаупі туралы ақпараттар мемлекеттік органдар бөлімшелерінде өңделіп, бірден Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетіне жіберіледі.

Ал Қазақстан президентінің күзет қызметі қорғайтын адамдарға қатысты теракті жасалуы мүмкін деген ақпарат шықса, ол бірден президенттің күзет қызметіне хабарланады.

Бұған қоса, ережеде Қазақстан территориясында террористік қауіптің деңгейі үш өлшеммен: "бірқалыпты" - сары, "жоғары" - қызғылт сары және "шекті" - қызыл түспен белгіленетіні айтылған. "Бірқалыпты" деп "теракті жасалуы мүмкін" деген ақпарат түсіп, бірақ оның рас-өтірігін нақтылау қажет болған жағдайды; "жоғары" деп теракті жасалатыны туралы ақпарат расталған жағдайды; "шекті" деп бірнеше теракті жасалатыны туралы ақпараттар расталған жағдайды атайды.

Террорлық қауіптің деңгейін ҰҚК-нің аймақтық департаменті басшысы облыс әкімімен келісіп анықтайды.

Қазақстанда 2011 және 2012 жылдары бірнеше қалада "күдікті терроршыларды" ұстау операциялары болып, ондаған адам қаза тапқан.
XS
SM
MD
LG