Accessibility links

БҰҰ Египеттегі қақтығыстың шиеленісуіне алаңдайды


БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун .
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун .
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Египетте жалғасып жатқан қақтығыстар мен осы қақтығыстардағы қатыгездіктің күшеюіне алаңдайтынын білдірді. Бас хатшының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемесінде ол тараптарды қақтығысты тоқтатуға шақырған. Пан Ги Мун "кейінгі күндері болған қақтығыстарда шектен тыс қатыгездік жасалды" дейді.

Сенбі, 17 тамыз күні Египет әскері Каирдегі Әл-Фатех мәшітіне шабуыл жасап, оның ішіне бекінген елдің бұрынғы президенті Мурсидің жақтастарын қуып шықты. Бұл мешітке наразылар жұма күнгі шеру қантөгіске ұласқаннан кейін келіп тығылған еді. Мешітке шабуыл туралы шешім шерушілер ғимаратты босатпай, қарулы қарсылық көрсеткеннен кейін қабылданған.

Египетте «қаһарлы жұма» күні Мурсиді қолдаушылар мен қауіпсіздік күштері арасында болған қақтығыстардан 80-нен аса адам өлген.

13 тамызда Египетте полиция Мурси жақтастарының лагерлерін күшпен таратуға кірісті. 14 тамызда елде бір айға төтенше жағдай жарияланып, құрбан болғандардың саны 500-ге тақады. 14 тамыздан бергі төрт күн ішінде 750 тұрғын қаза тапты.

Ал биліктен шеттетілген Египет президенті Мұхаммед Мурсиді қолдайтын «Мұсылман бауырлар» партиясы азаматтарды қарсылық акцияларын жалғастыруға шақырып отыр.

Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиді әскерилер биліктен 3 шілде күні шеттеткен еді.
XS
SM
MD
LG