Accessibility links

Еуропа Одағы Египетпен қатынасын қайта қарайды


Полиция Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурси жақтастары бекінген мешітке басып кірді. Египет, Каир, 17 тамыз 2013 жыл.
Полиция Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурси жақтастары бекінген мешітке басып кірді. Египет, Каир, 17 тамыз 2013 жыл.
"Еуропа Одағы наразыларды басып-жаншыған Египетпен қарым-қатынасын қайта қарайды".

Мұндай мәлімдемені 18 тамыз күні Еуропа кеңесінің президенті Херман Ван Ромпей мен Еуропа комиссиясының төрағасы Жозе Мануэл Баррозу таратты. Олар Египетте қақтығысып жатқан тараптардың барлығын бітімге келуге шақырды.

Мәлімдемеде Еуропа Одағының Египетпен қарым-қатынасын бірнеше күн ішінде "жедел түрде қайта қарастыратыны" және "күш қолдану әрекеттерін тоқтатуға ықпал етуге тырысатыны" айтылған.

Египеттегі шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыстардан төрт күнде 750 адам қаза тапты. Ал биліктен шеттетілген Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиді қолдайтын "Мұсылман бауырлар" ұйымының мүшелері жақтастарын қарсылық акцияларын жалғастыруға шақырып отыр.

3 шілдеде әскерилер Египет президенті Мұхаммед Мурсиді биліктен шеттеткен еді. Мурсидің жақтастары бір жарым айдай уақыт оның биліктен қуылғанына наразылық танытып, қарсылық акциясын өткізіп жатқан. 13 тамыздан бері Египетте наразыларды тарату шаралары басталып, полиция мен шерушілер арасындағы қақтығыстар күрт шиеленісіп кетті.

14 тамыздан бері Египетте бір ай мерзімге төтенше жағдай жарияланып, Мұхаммед Мурсиді қамау мерзімі тағы 30 күнге ұзартылды.
XS
SM
MD
LG