Accessibility links

Египет түрмесіндегі бүлікте 38 тұтқын қаза тапты


Мұхаммед Мурсидің жақтастары жараланған шерушіні әкетіп барады. Каир, 16 тамыз 2013 жыл
Мұхаммед Мурсидің жақтастары жараланған шерушіні әкетіп барады. Каир, 16 тамыз 2013 жыл
Жексенбіде Египеттегі түрмелердің бірінде бүлік шығарып, қашпақ болған 38 тұтқын қаза тапты. Бұл туралы қауіпсіздік органдарындағы дереккөзіне сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады. Қаза тапқандар - әскерилер биліктен тайдырған президент Мұхаммед Мурсидің "Мұсылман бауырлар" қозғалысының мүшелері.

France Press агенттігінің хабарлауынша, тұтқындар өздерін Каир маңындағы түрмеге ауыстырып жатқанда қашпақ болған. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған.

Жексенбіде Египеттің қорғаныс министрі Абдел Фаттах әл-Сиси "әскерилер елде зорлық-зомбылықтың жалғасуына және елдің бүлінуіне жол бермейтінін" мәлімдеген.

Билік шілдеден бері наразылық танытып жатқан Мұхаммед Мурсидің жақтастарына үндеу жасап, оларды Египеттегі демократиялық жаңару процестеріне араласуға шақырды.

Бұған дейін исламшылдар жексенбіде Каирде өткізуді жоспарлаған наразылық акцияларын қауіпсіздік шарасына байланысты кейінге қалдырған.

Соңғы төрт күнде Египетте қақтығыстар салдарынан 830-дан астам адам қаза тапты.
XS
SM
MD
LG