Accessibility links

Обама мен Кэмерон Сириядағы жағдайды талқылады


АҚШ президенті Барак Обама мен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон. Вашингтон, 14 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
АҚШ президенті Барак Обама мен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон. Вашингтон, 14 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
АҚШ президенті Барак Обама мен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Сириядағы жүздеген адам қаза тапқан, химиялық қару қолданылды деген шабуылды талқылады. Олар Сириядағы жағдайға "қатты алаңдайтындарын" мәлімдеді.

Екі елдің басшылары 21 тамыз күні Дамаскіде жасалған шабуылдың "химиялық қаруға тән белгілері" бар екенін және оны үкіметтің жасауы мүмкін екенін айтады.

Сирия үкіметі өзіне тағылған "Дамаск қаласының шығыс бөлігіндегі қақтығыста химиялық қару қолданды" деген айыпты теріске шығарып, керісінше "қаруды оппозиция қолданды" деп мәлімдеді.

21 тамыз күні Дамаск қаласының Джобар ауданында газ шабуылы жасалып, жүздеген адам уланып ауруханаға түсті. Ауруханаға түскен адамдардың 355-і көз жұмды. Сирия режиміне қарсы күресіп жатқан көтерілісшілер сол күні "үкімет әскері химиялық қару қолданды, мыңнан аса адам опат болды" деп хабарлады.

Соңғы ақпараттарға қарағанда, АҚШ әскери кемелері мен басқа да күштерін әскери қимылдарға дайындап жатыр. 25 тамызда АҚШ қорғаныс министрі Чак Хейгел "қарулы күштердің Сирияға қатысты соғыс қимылдарына дайын екенін, соңғы шешімді Обама шығаратынын" айтты.

Хейгел "Президент Обама министрлікке әскерді кез-келген жағдайға дайындау туралы нұсқау берді. Қазір АҚШ әскері барлық жағдайға дайын" дейді.

Сирияның ақпарат министрі Омран әл-Зуби "АҚШ әскерінің шабуылы Таяу Шығыстағы шиеленісті одан бетер ушықтырып жіберетінін" мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG