Accessibility links

Ресей: Сирияға әскер кіргізудің салдары ауыр болады


БҰҰ сарапшылары химиялық қарудан уланды деген адамдарды тексеріп жатыр. Дамаск, 26 тамыз 2013 жыл.
БҰҰ сарапшылары химиялық қарудан уланды деген адамдарды тексеріп жатыр. Дамаск, 26 тамыз 2013 жыл.
"Сирияға әскер кіргізудің салдары ауыр болады" деп мәлімдеді Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Александр Лукашевич. Ол мұны Гаагада Сирияға қатысты халықаралық жиынға дайындық барысында АҚШ-тың екіжақты кездесулерден бас тартқанына орай айтты.

Ресей өкілі АҚШ пен әлемдік қауымдастықты парасаттылық танытып, халықаралық құқықты қатаң сақтауға шақырды.

Александр Лукашевичтің айтуынша, Вашингтонның кездесулерден бас тартқаны "сириялық оппозицияның келіссөздерде илікпеуіне әсер етеді".

АҚШ мемлекеттік департаменті сәрсенбіде Гаагада өтуі тиіс Ресей өкілдерімен кездесуді кейінге ысырған еді. Мемлекеттік департамент мұны "Сирияда химиялық қару қолданылғанына байланысты конгресспен және одақтас елдермен кеңесу қажет" деп түсіндірген.

Бұған дейін Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле "егер Сирияда президент Башар Асад режимінің химиялық қару қолданғаны рас болса, ол адамзатқа қарсы қылмыс болып саналатындықтан халықаралық қауымдастық дереу шара қолданады" деп мәлімдеген.

Ал Ұлыбритания сыртқы істер министрі Уильям Хейг "БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қандай шешім қабылдайтынына қарамастан, тиісті шаралар қолданылуы мүмкін" екенін ескертті.

Дүйсенбіде Сирияға барған БҰҰ сарапшылары Дамаск маңындағы 22 тамызда химиялық қару қолданылды деген аймақты тексеріп жатыр.

Дүйсенбіде БҰҰ сарапшылары түскен қонақүй минометтен атқыланған еді. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.
XS
SM
MD
LG