Accessibility links

Шыңжаңда үш адам өлім жазасына кесілді


Қытай полиция Шыңжаңдағы ұйғырлар тұратын Лухун кентіне кіретін жолда өткен-кеткенді бақылап тұр. 28 маусым 2013 жыл (Көрнекі сурет)
Қытай полиция Шыңжаңдағы ұйғырлар тұратын Лухун кентіне кіретін жолда өткен-кеткенді бақылап тұр. 28 маусым 2013 жыл (Көрнекі сурет)
Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы соты бейсенбі күні үш адамды өлім жазасына кесу туралы үкім шығарған. Тағы бір адам 25 жылға түрмеге кесілген. Сотталғандар терроризмге қатысы бар деп айыпталған.

Өлім жазасына кесілгендердің барлығы этникалық ұйғыр азаматтары екені хабарланды.

Тергеу орындары бұл адамдарға биыл жазда аймақтағы Лүкчүн кентінде болған қақтығыстарға байланысты айып таққан еді. Қытай билігі жаздағы оқиғаны "діни экстремистер ұйымдастырған" деп сипаттаған. Мемлекеттік ақпарат құралдары қарулы адамдардың полиция учаскесі мен тағы бірнеше мекемеге шабуыл жасап, полиция қызметкерлерінің көліктерін өртеп жібергенін хабарлаған. Тәртіпсіздіктер барысында 35 адам мерт болған.

Өткен айда Шыңжаң соты "2013 жылдың сәуірінде болған қақтығыстарға қатысы бар" деген екі айыптыны өлім жазасына кесіп, тағы үш адамға тоғыз жылдан бастап өмір бойы түрмеде отыруға дейінгі үкім шығарған.

Одан бұрын, 2009 жылы шілдеде Шыңжаңда этникалық қытайлар мен ұйғырлар арасындағы қақтығыстардан 200-ге жуық адам құрбан болған.
XS
SM
MD
LG