Accessibility links

Өртенген базар саудагерлері наразылық танытты


Өрттен кейінгі базар маңы. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл.
Өрттен кейінгі базар маңы. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл.
Алматыдағы өртенген базарлардың саудагерлері сейсенбі күні таңертең базардың маңынан өтетін автокөлік жолын тағы да жауып, ешкімді өткізбей қойды. Тек полицияның арнайы жасағы келіп, оларды жолдан ығыстырған соң автокөлік қозғалысы қалыпқа келді.

Базардағы өрттен зиян шеккен саудагерлер өздеріне келген шығынды өрт басталған «Олжа» базарының әкімшілігінен өндіріп беруді талап еткен. Алматының Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Махаш Ермұханбетов өрт болған базарлардың аумағына қазір тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқан құқық өкілдерінен өзгелерге әзірге кіруге болмайтынын айтты.

Дүйсенбі күні саудагерлер өрт болған базарда қалған мүліктері талан-таражға түсіп жатқанын айтып, биліктен өздерінің жұмыс орындарын қалпына келтіруге және банктердегі қарыздарын өтеу мерзімін шегере тұруға жәрдем сұраған еді. Әкімдік өкілдері базардағы өрт оқиғасына қатысты арнайы штаб құрылғанын, зардап шеккендерге қолдан келген жәрдем жасалатынын айтқан.

13 қыркүйекте Алматыда жергілікті тұрғындар арасында «Барахолка» деп аталатын бірнеше ірі сауда-кешені жапсарласа орналасқан жердегі «Олжа» базарында шыққан өрт аз уақыттан соң көрші тұрған бірнеше базарды шарпыған. Тек келесі күні таңертең толық сөндірілген өрттің аумағы 5,4 мың шаршы метрді құраған. Бұл көлемі жағынан осы кезге дейін Алматы базарларында болған ең үлкен өрт болып отыр.

Өрттің неден шыққаны әзірге анықталып жатыр. Бұл оқиға бойынша екі қылмыстық іс (өрт оқиғасы бойынша және базар әкімшілігінің үстінен) қозғалғаны хабарланды.
XS
SM
MD
LG