Accessibility links

АҚШ өкілі: Башар Асад сотқа тартылуы тиіс


Сирия президенті Башар Асад АҚШ-тың CBS телеарнасына сұхбат беріп отыр. 9 қыркүйек 2013 жыл.
Сирия президенті Башар Асад АҚШ-тың CBS телеарнасына сұхбат беріп отыр. 9 қыркүйек 2013 жыл.
АҚШ үкіметі Сирия президенті Башар Асад әскери және адамшылыққа қарсы қылмыстары үшін сотқа тартылуы тиіс деп санайды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің ерекше тапсырмалар және әскери қылмыстар жөніндегі елшісі Стивен Рэпп мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық тілшісі Вашингтоннан.

Стивен Рэпп Yahoo интернет порталына берген сұхбатында Сирияда аса ауыр қылмыстар үшін жауапкершілікті Сирияның ең жоғарғы лауазымды тұлғаларына жүктеуге болатынын айтқан.

«Адам өлтіру, зорлау, денеге зақым келтіру және басқа қылмыстар үшін айып тағуға салмақты дәйектер бары еш шүбәсіз, ал Сирияда азаматтық соғыс жүріп жатқандықтан бұларды әскери қылмыс деп бағалауға болады» деді АҚШ елшісі.

Оның айтуынша, АҚШ Сириядағы қарулы жанжал барысында жасалған қылмыстар туралы ақпарат жинайтын сириялық ұйымдарға жәрдемдесіп отыр. АҚШ-тың көмегімен Еуропа елдерінің бірінде құрылған орталықта 200 мыңға жуық беттен тұратын құжаттар жиналып, сақтаулы тұрғаны айтылды.

Рэпп Сирия басшылығын сотқа тарту үшін халықаралық қауымдастықтың қолдауын алуға тырысып жатқанын хабарлаған. Ол Сирия бойынша сот процесіне Сьерра-Леонеге қатысты арнайы сотты үлгі етіп алуға болатынын айтады. Ол сот БҰҰ мен Сьерра-Леоне үкіметі арасында жасалған келісім негізінде құрылған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі бес елдің елшілері Сирияға қатысты қарар қабылдау мәселесі бойынша мәмілеге келе алмай жатыр. Қарарда АҚШ пен Ресейдің Сириядағы химиялық қаруды бір жыл ішінде жою туралы жоспары бекітілуі тиіс болған.

Сирияда 21 тамызда «арасында балалар да бар бейбіт тұрғындарға» қарсы химиялық қару – зарин газы қолданылғаны туралы БҰҰ сарапшыларының қорытындысы дүйсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде таныстырылған еді. Газ шабуылынан Сирияда жүздеген адам қаза болған.
XS
SM
MD
LG