Accessibility links

Бас прокуратура елде адам құқығы бұзылатынын айтты


Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев. (Ресми сайттағы сурет)
Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев. (Ресми сайттағы сурет)
Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев елде адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарының ахуалы күрделі болып отырғаны туралы мәлімдеген. Бұл туралы ол жұма күні Астанада Қазақстан бас прокуратурасының алқа мәжілісінде айтқан.

«Адамдарды заңсыз қудалау, азаматтардың жеке бас еркіндігі құқықтарын бұзу, ар-намысына қол сұғу оқиғалары жалғасып келеді» делінген бас прокуратура таратқан баспасөз баянында.

Бас прокуратураның деректері бойынша, 2012 жылдың басынан бергі бір жарым жылдың ішінде 855 адамның конституциялық құқықтары бұзылған. 104 адамның заңсыз тұтқындалғаны, 209 адамның заңсыз ұсталғаны және 372 адамды қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартпақ болғаны анықталған.

Айып тағу орындарынан 1311 адамды прокурорлар босатып, азаптау оқиғаларына қатысты 62 іс қозғаған. Заң талабын өрескел бұзған деген айыппен құқық қорғау қызметкерлерінің үстінен 119 іс қозғалған.

«Әсіресе уақытша ұстау изоляторлары ерекше назар аударуды қажет етеді, олардың көпшілігі жертөледе орналасқан, олар қамауда отырғандарды ұстау талаптарына сай емес» дейді прокуратура.

Қазақстанда адам құқығының жағдайы сақталмайтындығын елдегі және халықаралық үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық белсенділер мен тәуелсіз баспасөздер жиі көтеретіні туралы Азаттық сайты үнемі жазып келеді. Ол хабарларда Қазақстанда босқындар құқығы, азаматтардың жеке басының еркіндігі, түрмедегі азаптаулар оқиғалары мен өзге де азаматтық құқықтар мен бостандықтардың бұзылатындығы туралы айтылған.

Бейсенбі күні Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов: «Қазақстан туралы халықаралық ұйымдар дайындаған есептердің барлығы бірдей шындыққа сай бола бермейді» деп мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG