Accessibility links

Ақ үй парник газын түзуді шектейтін талап енгізбек


Жылу электр станицяларынан ауаға тарап жатқан түтін. (Көрнекі сурет)
Жылу электр станицяларынан ауаға тарап жатқан түтін. (Көрнекі сурет)
АҚШ үкіметі елдегі электр станцияларының атмосфераға бөлетін көмір қышқыл газ көлеміне шектеу енгізбек. Бұл туралы жұма күні АҚШ-тың қоршаған ортаны қорғау агенттігінің басшысы Джина Маккарти мәлімдеді.

Ақ үй ұсынған ғаламдық жылыну проблемасымен күрес бағдарламасында жаңадан салынатын станцияларда әлгіндей бөлінетін заттың мөлшері қазір қолданыстағы станциялардыкінен анағұрлым төмен болуы тиіс деген талап бар. Бағдарламаның мақсаты – 2020 жылға қарай ауаға тарайтын көміртегі қос тотығы деңгейін 2005 жылғымен салыстырғанда 17 пайызға азайту болмақ.

Президент Барак Обама көмірқышқыл газын шығаруды азайтуға қатысты жоспары туралы биыл маусымда айтқан еді. Бірақ бұл жоспарға энергетикалық сала өкілдері мен Обаманың саяси бақталастары қарсы. Олар егер жаңа ережелер қолданысқа енгізілсе, АҚШ-та көмірмен істейтін бірде бір электр станциясы салынбайтын болады деп ескертеді.

Ақ үйдің бағдарламасында айтылған талапты орындау үшін зиянды зат бөлетін кәсіпорындарға құны қымбатқа түсетін өте күрделі құрал-жабдықтарды орнату қажет болады деп жазады Wall Street Journal басылымы.

АҚШ пен Қытай әлемде атмосфераның ластануына ең көп үлес қосатын елдердің қатарына жатады.
XS
SM
MD
LG