Accessibility links

Greenpeace-тің сегіз белсендісі екі айға қамалды


Полиция Greenpeace белсендісін сот залынан тұтқындап әкетті. Мурманск, Ресей, 26 қыркүйек 2013 жыл
Полиция Greenpeace белсендісін сот залынан тұтқындап әкетті. Мурманск, Ресей, 26 қыркүйек 2013 жыл
Ресейдің Мурманск қаласының соты Greenpeace халықаралық экологиялық ұйымының Баренц теңізінде ұсталған 30 белсендісінің сегізін екі айға қамауға алуға шешім шығарды. Тағы бірнеше белсенді үш күнге қамалды. Белсенділерге "қарақшылық жасады" деген айып тағылып отыр.

Ресей жағалау күзеті қызметі Greenpeace-тің Arctic Sunrise кемесінің экипажы мен ондағы 30-ға тарта белсендіні өткен аптада "Газпромның" мұнай платформасының маңынан ұстаған еді. Кеменің өзі мен ондағы белсенділер Мурманск портына жеткізілді. Ұсталғандар арасында АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жаңа Зеландия, Канада, Польша, Түркия және Ресей азаматтары бар.

21 қыркүйекте Ресей президенті әкімшілігінің басшысы Сергей Иванов Стокгольмде Greenpeace белсенділерінің наразылығын "Сомали қарақшыларының әрекетіне" теңеген.

Greenpeace ұйымы Ресейдің белсенділерге айып тағуын "Мәскеудің халықаралық теңіз аумағында жүрген кемеге заңсыз басып кіруін ақтап алу әрекеті" деп атады.

Белсенділер "мұнай платформасын басып алғылары келмегенін және тек бейбіт жолмен әрекет еткендерін" айтып, "заңсыз қамалдық" деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG