Accessibility links

Египетте қақтығыстарда 4 адам мерт болды


Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиді қолдайтындар мен қазіргі билікті жақтаушылар қақтығысып қалған. Каир, 4 қазан 2013 жыл.
Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиді қолдайтындар мен қазіргі билікті жақтаушылар қақтығысып қалған. Каир, 4 қазан 2013 жыл.
Жұма күні Египет астанасы мен тағы бірнеше қалада елдің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиді қолдап шеруге шыққандар мен полиция күштері арасында қақтығыстар болған. Сонымен бірге қазіргі билікті жақтаушылар да Мурсиді қолдаушылармен қақтығысып қалған.

Бұл оқиғалар салдарынан кемінде төрт кісі қаза тауып, қырықтан аса адам жараланған. Каирде Тахрир алаңына жиналған Мурсиді қолдайтындар шеруін тарату үшін полиция көзден жас ағызатын газ қолданған.

Өткен айда Египет соты экс-перзидент Мурсидің «Мұсылман бауырлар» қозғалысы мен оның қызметіне және осы қозғалыспен байланысы бар басқа да ұйымдарға тыйым салу туралы шешім шығарған. Тамыз айында полиция мен қауіпсіздік күштері қарсылық шеруін күшпен таратып, қақтығыстар барысында жүздеген адам құрбан болған еді.

Мұхаммед Мурсиді шілденің 3-і күні әскерилер биліктен кетірген. Ол содан бері қамауда отыр.

1928 жылы құрылған «Мұсылман бауырлар» қозғалысының қызметіне Египетте ұзақ жылдар бойы тыйым салынып келген. 2011 жылы президент Хосни Мүбәрәк биліктен кеткен соң ашық түрде қызмет ете бастаған қозғалыс өз партиясын құрып, 2011 және 2012 жылдардағы сайлаулар кезінде билікке келген еді.
XS
SM
MD
LG