Accessibility links

Химия саласындағы "Нобель" иегерлері анықталды


Химия бойынша Нобель сыйлығының иегерлері (солдан оңға) Мартин Карплюс, Майкл Левитт және Арье Уоршелл.
Химия бойынша Нобель сыйлығының иегерлері (солдан оңға) Мартин Карплюс, Майкл Левитт және Арье Уоршелл.
Швеция астанасы Стокгольмде Нобель сыйлығының химия саласы бойынша иегерлері белгілі болды. Сыйлыққа Мартин Карплюс (АҚШ пен Австрия азаматы), Майкл Левитт (АҚШ пен Ұлыбритания азаматы) және Арье Уоршелл (АҚШ пен Израиль азаматы) ие болды.

Үш ғалым "күрделі химиялық жүйелердің мультимасштабтағы үлгісін жасағаны үшін" сыйлық алуға лайықты деп танылған. Олар 1 миллион 250 мың доллар жүлдені бөліседі.

Химияда тәжірибе жасаудың классикалық тәсілдері секундқа жетпейтін уақытта жүріп жататын күрделі химиялық реакцияларды терең түсіндіре алмайтын. 1970 жылдары химик Карплюс пен биохимиктер Левитт және Уоршел химиялық процестерді компьюткерлік модельдеудің негізін салған еді. Бұл көптеген химиялық реакцияларды теориялық тұрғыда түсіндіріп, олардың нәтижесін болжауға мүмкіндік жасаған.

Нобель сыйлығының медицина саласы бойынша жеңімпаздары 7 қазанда анықталған. Сыйлыққа америкалық ғалымдар Джеймс Ротман мен Рэнди Шекман және германиялық Томас Зюдхоф ие болған.

Нобельдің бейбітшілік саласына қосқан үлесі үшін тағайындалатын сыйлығы иегерлері 11 қазанда Ослода белгілі болады.
XS
SM
MD
LG