Accessibility links

БАӘ-де ұсталғандар туыстары оқиғаны растады


Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласы. (Көрнекі сурет)
Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласы. (Көрнекі сурет)
«Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) ұсталған қазақстандықтар» деп аталған адамның бірі – Батыс Қазақстан облысының тумасы Асылбек Шукранов екенін туыстары растады. Оның әпкесі Жұлдыз Шукранованың Азаттыққа хабарлауынша, Асылбек Шукранов бірнеше жылдан бері сол елде отбасымен бірге тұрып жатқан.

– Асылбектің не үшін тұтқындалғанын, тіпті қайда отырғанын да білмейміз. Байланысу мүмкін емес. Ешкім ештеңе айтпайды. Қазір Астанадағы БАӘ елшілігінде жауап күтіп отырмыз. Асылбек ел астанасы Дубайда алты-жеті жылдан бері отбасымен бірге тұрып жатыр. Жеке фирмасы бар, бизнесі де заңды. Бес уақыт намаз оқиды, - деді Жұлдыз Шукранова дүйсенбіде Азаттыққа.

Жұлдыз Шукранова Дубайда інісімен бірге тағы бір Қазақстан азаматы ұсталғанын, оның аты-жөні Қуаныш Нұрым екенін растады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов 4 қараша күні Азаттыққа «әзірге БАӘ-ден ешқандай жауап келмегенін» айтты. СІМ өткен аптаның соңында «Дубайда ұсталған қазақстандықтар» туралы хабарды анықтау үшін сол елдің билік органдарына сұрау жіберген.

Бұған дейін Facebook әлеуметтік желісінде 30 қазанға қараған түні БАӘ-де оннан аса Қазақстан азаматын жергілікті билік орындары ұстап әкеткені туралы хабар тараған еді. Қазақстандық «Уральская неделя» газеті «ұсталғандардың екеуінің аты-жөндері Асылбек Шукранов және Нұрым Қуаныш екені белгілі» деп хабарлады. Басылым бұл ақпаратты редакцияға БАӘ-ден аты-жөнін атағысы келмеген қазақстандық хабарласып, жеткізгенін айтады.
XS
SM
MD
LG