Accessibility links

Косово президенті сайлау учаскесіне шабуылды айыптады


ЕҚЫҰ бақылаушылары белгісіз адамдардың шабуылына ұшыраған сайлау учаскесінен кетіп бара жатқан сәті. Митровица, Косово, 3 қараша 2013 жыл.
ЕҚЫҰ бақылаушылары белгісіз адамдардың шабуылына ұшыраған сайлау учаскесінен кетіп бара жатқан сәті. Митровица, Косово, 3 қараша 2013 жыл.
Косово президенті Атифете Яхьяга сайлау учаскесіне шабуылды айыптап, оны жасағандарға «орталық үкіметке қарсы әрекеттерге» бармауды ескертті.

3 қарашада Косовода жергілікті сайлаулар өтіп жатқанда Митровица қаласының солтүстігіндегі сайлау учаскесіне шабуыл жасалған. Беттеріне маска киген бірнеше адам көзден жас ағызатын газ шашып, сайлау бюллетендері салынған жәшіктерді жойған. Оқиғаның салдарынан Митровицадағы бірнеше сайлау учаскесінде дауыс беру тоқтатылып, сайлау учаскелерінің өкілдері мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылары эвакуацияланған.

Кейін сайлау комиссиясының өкілдері шабуылдан бүлінген сайлау жәшіктерін Приштинадағы дауыс санайтын орталыққа жеткізуге жәрдем беруін сұрап, ЕҚЫҰ-ға өтініш жасаған.

Мәліметтерде солтүстіктегі аудандарды есепке алмағанда Косовода жексенбіде өткен жергілікті сайлауға дауыс беруге сайлаушылардың 46 пайызы қатысқаны айтылады.

2008 жылы Сербиядан тәуелсіздігін жариялаған Косовоның егемендігін Батыс елдерінің көпшілігі таныған.

Приштина (ел астанасы - ред.) билігін мойындай бермейтін солтүстік аймақтарда тұрғындардың басым бөлігін сербтер құрайды.

Косово тәуелсіздігін әлі мойындамай келе жатқан Сербия үкіметі биыл Косовода тұратын сербтерді осы сайлауға қатысуға шақырған еді. Бұл – 2012 жылы Еуропа Одағы (ЕО) қатысуымен жасалған бейбіт келісімдерге сәйкес жасалған әрекет. ЕО ұйымға мүше болғысы келетін Сербияға Косовомен қарым-қатынасын жақсарту талабын қойған.
XS
SM
MD
LG