Accessibility links

Зайыбы: Арафаттың сүйегінен полоний табылды


Суха Арафат күйеуі Ясир Арафаттың суретінің қасында тұр. Рамалла, Палестина, 27 қараша 2012 жыл.
Суха Арафат күйеуі Ясир Арафаттың суретінің қасында тұр. Рамалла, Палестина, 27 қараша 2012 жыл.
Швейцарияда өткізілген зерттеулер нәтижесі Ясир Арафаттың аса қауіпті радиоактивті зат - полонийден уланып қайтыс болғанын дәлелдейді деп мәлімдеді марқұмның жесірі Суха Арафат. Ол күйеуін «саяси кісі өлтіру» құрбаны болды дейді.

Былтыр сарапшылар Палестинаның бұрынғы басшысы Ясир Арафаттың зиратын ашып, зерттеу жасау үшін сүйегінен сынамалар алған еді. Мамандар жүргізген зерттеу қорытындысын өткен бейсенбіде алған Суха Арафат енді қолында күйеуінің «қастандықпен өлтірілгенін ғылыми түрде айғақтайтын құжаттар барын» айтты. Ол күйеуінің «дұшпандары көп болғанын» айтқанымен, нақты ешкімнің аты-жөнін атамады.

2012 жылы Франция билігі Ясир Арафаттың отбасының сұрауы бойынша марқұмның өлімінің жай-жапсарын тексеруді бастаған.

Палестинаның бұрынғы басшысы көзі тірісінде өзіне қарсы жасалған 40-қа жуық қастандықтан аман-есен қалғанын мәлімдеген еді. 2004 жылы 75 жасында Париж ауруханасында қайтыс болған Ясир Арафат Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Рамаллада жерленген. Оған ресми түрде инсульт алды деген диагноз қойылған. Бірақ палестиналықтардың көпшілігі ол қастандықпен өлтірілген деп санайды.

Ясир Арафат Палестинаны азат ету ұйымын 35 жыл басқарып, 1996 жылы Палестина автономиясының тұңғыш президенті болып сайланған еді.
XS
SM
MD
LG