Accessibility links

Крандағы әйелдер наразылығын жалғастырып жатыр


Әйелдер шығып алған кран. Астана, 11 қараша 2013 жыл.
Әйелдер шығып алған кран. Астана, 11 қараша 2013 жыл.
Астанада кранға шығып алған әйелдер Сандуғаш Серікбаева мен Ұйым Жолдасбаева наразылық акцияларын жалғастырып отыр.

Бүгін Азаттық тілшісімен сөйлескен Сандуғаш Серікбаева өздерімен әзірге ешкім келіссөз жүргізбегенін айтады. Оның сөзінше, кран тиесілі құрылыс компаниясының өкілдері дүйсенбі күні кешке наразылық танытушыларға жылы киімдер әкеліп берген.

Наразы әйелдердің туысы Орынкүл Серікбаева әпкесінің кәмелеттік жасқа толмаған бес баласымен бірге президентке арыздану үшін Ақордаға бара жатқанын Азаттық тілшісіне айтты.

Құрылыс алаңында тұрған кранға әйелдер 11 қарашаға қараған түні шығып, "мемлекет қажетіне керек" деп танылған жер телімдеріне берілетін өтемақы мөлшерімен келіспейтіндерін айтқан. Әйелдердің үйлері кран тұрған құрылыс жүріп жатқан жерде орналасқан.

Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мұндай наразылық акциялары "мәселені шешпейтінін" айтты. Ол Twitter-дегі парақшасында "кранға шығып наразылық таныту әкімшілік шара қолдану, кран жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтатудың шығынын өтеткізу, денсаулыққа зиян келтіру сияқты жаңа мәселелер тудырады" деп жазған.

Әйелдердің туыстарының айтуынша, олар шағын ғана үйде тоғыз баламен тұрып жатыр. Оларға өтемақы ретінде бес миллион теңге ұсынылған. Өтемақы мөлшеріне келіспейтін әйелдер соттың ол туралы шешімін жоюды талап етеді.
XS
SM
MD
LG