Accessibility links

БҰҰ: Сириядағы қақтығыс Ливанға ауыр тиді


Пан Ги Мун, БҰҰ бас хатшысы.
Пан Ги Мун, БҰҰ бас хатшысы.
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Сириядағы қақтығыстардың салдары көршілес Ливанға ауыр тиіп жатыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қақтығыстар кесірінен шекарадағы зорлық-зомбылықтар көбейіп, Ливанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келген.

Бас хатшының сөзіне қарағанда, екі жарым жылға созылған қақтығыстардан 800 мыңнан астам сириялықтың Ливан жеріне босып кетуінен елде қаржылай, экономикалық және әлеуметтік қиындықтар туындап отыр.

13 қарашада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жасаған баяндамасында Пан Ги Мун Ливанның шекаралық аймақтарына жасалатын әуе шабуылдары мен атқылауларды айыптап, Сирия үкіметі мен көтерілісшілерді шекара аймағында зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды.

Сонымен бірге Пан Ги Мун Сирияда президент Башар Асад әскеріне көмектесіп жатқан "Хезболла" ұйымы сарбаздарын соғыс қимылдарын тоқтатуға үндеген.

Сирияда үкімет күштері мен оппозициялық топтардың өзара қарулы күрес жүргізіп жатқанына екі жыл болды. БҰҰ дерегі бойынша, Сирияда қақтығыстарда қаза тапқан адам саны 100 мыңнан асқан.
XS
SM
MD
LG