Accessibility links

"Эйр Астананың" тағы бір ұшағынан ақау шықты


"Боинг 767" ұшағы. (Көрнекі сурет)
"Боинг 767" ұшағы. (Көрнекі сурет)
"Эйр Астана" әуе компаниясының "Алматы-Бангкок" бағытында ұшып шыққан "Боинг 767/300" ұшағы дабыл жүйесінің істен шығуынан Алматы әуежайына қайта оралды. Бұл туралы көліктегі ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Департаменттің дерегінше, бортында 95 жолаушы мен экипаждың 10 мүшесі бар ұшақ Алматы әуежайынан 21 қараша күні кесте бойынша түнгі 1 сағат 45 минутта ұшып шыққан.

"Түнгі 2 сағат 35 минутта әуежай диспетчерлеріне ұшақтың техникалық себептер бойынша әуежайға қайтып келе жатқаны туралы хабар түсті. 3 сағат 00 минутта ұшақ қосалқы алаңға келіп қонды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ" делінген департамент таратқан хабарламада. Кейін ұшақтың борт компьютері дабыл жүйесінің істен шыққаны туралы белгі бергені анықталған.

Ұшақ тексеруге алынып, рейс таңғы сағат 8-ге таман қайта ұшырылған.

Қазан айының соңында компанияның Астанадан Ақтауға ұшып шыққан Embraer 190 ұшағының оң жақ қозғалтқышынан ақау табылып, Астанаға қайта оралған еді.
XS
SM
MD
LG