Accessibility links

ІІМ: БАҚ "Сирия жиһадшылары" видеосын таратпағаны жөн


Сирияға аттанған Қазақстандық жиһадшылар. Ютуб сайтынан алынған скриншот.
Сирияға аттанған Қазақстандық жиһадшылар. Ютуб сайтынан алынған скриншот.
Қазақстандық ақпарат құралдарын "Сирияға жиһадқа кеткен қазақстандықтар" туралы видеороликті таратпағаны дұрыс. Бұл туралы бүгін министрліктің экстремизммен күрес басқармасының бастығы орынбасары Дархан Разуев айтты.

"Қазіргі ақпарат тарату құралдарының дамыған кезінде террористерге толықтай шектеу қою мүмкін емес. Сондықтан БАҚ-тың террористік және экстремистік топтардың арбауына түсіп қалу қаупі жоғары. Таяуда жарияланған Сирияда соғысып жүрген азаматтарымыз туралы видеоның қоғамда дүмпу тудырғанын мысалға келтіруге болады" деді Разуев "Мемлекет және дін: өзара әрекеттесудің келешегі мен мәселелері" деген ғылыми конференцияда.

"Қазіргі терроризм ақпарат құралдары арқылы қоғамдық санаға әсер ету жолымен таралатындықтан БАҚ-тан видеоны таратпауды сұраймын. Себебі қазір видеороликке сараптама жасалып жатыр. Енді ол экстремистік деп танылып, республика аумағында оны таратуға тыйым салынуы мүмкін" деді Разуев.

Қарағанды облысында балалары "Сирияға кетті" делінген ата-аналар арнайы комитет құрғаны туралы бүгін Азаттыққа осы комитеттің жетекшісі, Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының Қарағанды облыстық филиалының басшысы Асқар Қошанов хабарлаған.

Қазан айында интернетте "Сирияға жиһад жасауға кеткен жүз елу қазақстандық" туралы видеоролик жарияланған еді. Азаттық тілшілері видеодағы азаматтардың туыстарымен сөйлесіп, олардың онға жуығының аты-жөнін анықтаған.

Өткен аптада Лондонда журналистерге сұхбат берген Қазақстаның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов миинстрліктің Сирияға кеткендерді қайтарып алуға күш салып жатқанын айтқан еді.
XS
SM
MD
LG