Accessibility links

Киевте полиция мен шерушілер тағы қақтығысты


Билік шешіміне наразылар үкімет үйінің алдына келді. Киев, Украина, 25 қараша 2013 жыл.
Билік шешіміне наразылар үкімет үйінің алдына келді. Киев, Украина, 25 қараша 2013 жыл.
Бүгін Киевте үкімет үйінің жанында билікке наразылық шеруіне шыққандар мен полиция арасында қақтығыс болды.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, үкімет үйі жанына мыңға тарта адам жиналып, президент Виктор Януковичтен осы аптада Еуропа Одағымен саяси және сауда келісімін жасауды талап еткен.

Наразылар полиция күзетіп тұрған ғимаратқа түрлі заттар лақтырған. Оларға жауап ретінде полиция көзден жас ағызатын газ шашқан. Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, шеруге шыққандар Киевтегі орталық көшелердің бірін жапқан. Бірақ кейін полиция жолды ашқан.

Өткен аптада Киев 28-29 қарашада Вильнюсте өтетін ЕО-ның "Шығыс ынтымақтастығы" саммитінде ЕО-мен ассоциация туралы келісім жасауға дайындықты тоқтататынын хабарлаған еді.

Қарашаның 21-інен бері Украина оппозициясы Еуропа Одағымен келісімнен бас тартқан билік шешімімен келіспей наразылық шерулерін өткізіп келеді. Жексенбіде Киевте мыңдаған адам Еуроодақ пен Украинаның туын ұстап Киев орталығынан жүріп өткен.

22 қарашада ЕО-ның сыртқы кеңею істері бойынша комиссары Штефан Фюле келісімге келесі жылы да қол қойылуы мүмкін екенін айтқан. Украина премьер-министрі Николай Азаров "Киев пен Брюссель Еуроодақпен ассоциация туралы келісімге келер жылдың басында өтетін ЕО мен Украина саммитінде қол қоя алады" деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG