Accessibility links

Таиланд шерушілері қорғаныс министрлігіне келді


Үкіметке қарсылық танытушылар қорғаныс министрлігінің штаб-пәтері аумағында жүр. Бангкок, 29 қараша 2013 жыл.
Үкіметке қарсылық танытушылар қорғаныс министрлігінің штаб-пәтері аумағында жүр. Бангкок, 29 қараша 2013 жыл.
Таиланд астанасы Бангкокте үкіметке қарсы шеруге шыққан мыңнан астам адам қарулы күштердің штаб-пәтері орналасқан аумаққа басып кірді. Қорғаныс министрлігі өкілінің хабарлауынша, наразылық танытушылар ғимаратқа кіре алмаған. Басқарушы партия кеңсесінің алдына да наразылық танытушылар жиылды.

Кеше Таиланд парламенті премьер-министр Йинглак Чинаватқа сенімсіздік вотумын білдіруге қарсы дауыс берген.

Таиландта 24 қарашадан бері үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен шерулер өтіп келеді. Шеруге шыққандар Йинглак Чинават үкіметін оның ағасы, экс-премьер Таксин Чинават бақылайды деп айыптайды. Демонстранттар кепілге алады деген қауіппен бірнеше министр басқа жаққа әкетілді.

2010 жылы Таксин Чинаваттың мыңдаған жақтасы Бангкоктің көп бөлігін басып алып, екі ай бақылауда ұстаған еді. Екі айда 90-нан астам қаза тапқан. Кейін Йинглак Чинават үкімет басына келген.
XS
SM
MD
LG