Accessibility links

Бергей Рысқалиевке «терроризмге» қатысты айып тағылған


Бергей Рысқалиевтің Атырау облысының әкімі кезіндегі суреті.
Бергей Рысқалиевтің Атырау облысының әкімі кезіндегі суреті.
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды, бұл жолы ол «террористік пиғылдағы іс-әрекеттерге қолғабыс еткен» деген күдікке ілінді деп хабарлады қазақстандық ресми ақпарат құралдары.

Істі қозғаған тергеу орындары Рысқалиевке «дәстүрлі емес діни ағым өкілдеріне мешіт салуға заңсыз жер телемін бөлген, кейін ол мешіт терроризм мен экстремизмді насихаттайтын орынға айналған» деген айып тағып отыр деп хабарлады Қазақпарат.

Бірақ Рысқалиевке жаңадан тағылған айып бойынша тергеуді нақты қандай орган жүргізіп жатқаны туралы айтылмады.

Бұған дейін Қазақстан қаржы полициясы Бергей Рысқалиев пен ол құрды делінген қылмыстық топтың 22 мүшесіне қатысты қозғалған қылмыстық іс прокуратураға жіберілгенін хабарлаған еді. Экономикалық қылмыстар туралы іс одан ары сотқа берілмек. Қазір айып тағылған 11 адам қамауда, 9 адам үйқамақта отыр. Екі айыпты ешқайда кетпеу туралы қолхат тапсырған.

Қылмыстық іс материалдарындағы деректер бойынша, "Рысқалиев пен ол ұйымдастырған топ өкілдері жасаған ауыр және аса ауыр коррупциялық, экономикалық қылмыстардан" мемлекетке 71 миллиард теңгеден астам зардап келген.

Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқалиға және олардың тоғыз серігіне халықаралық іздеу жарияланған. Ағайынды Рысқалиевтердің қазір қайда екендігі белгісіз.

Биыл тамызда қаржы полициясы Швейцарияның федералдық прокуратурасы Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқалиға қатысты "қаржы жымқырды" деген күдік бойынша тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған. Оның нәтижесі бойынша Швейцария банктерінде Рысқалиевтарға тиесілі делінген үш есеп-шот табылып, оларда 100 миллион еуродан астам қаржы бары анықталған. Прокуратура ол есеп-шоттарды бұғаулаған.
XS
SM
MD
LG