Accessibility links

АҚШ: Украинаға санкция салынуы мүмкін


АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Джен Псаки.
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Джен Псаки.
АҚШ мемлекеттік департаментінің ресим өкілі Джен Псаки демонстранттарға күш қолданған Украинаға қарсы санкциялар салу мәселесі талқыланып жатқанын мәлімдеді. Бірақ ол Киевке қарсы нақты қандай шаралар қарастырылып жатқанын ашып айтпады.

Киевте биліктің Еуропа одағымен интеграциядан бас тартуына наразылық танытушылар 11 желтоқсандағы милиция жасағының әрекетінен соң қала орталығын, қала мэриясын билікке наразылық танытушылардан тазартуды жалғастырып жатыр.

11 желтоқсанға қараған түні милиция жасағы "Еуромайдан" акциясы өтіп жатқан Тәуелсіздік алаңындағы баррикадалар мен шатырларды бұзып, демонстранттарды ығыстырған еді. Бірақ ұзамай демонстранттар алаңға қайта жиналып алған.

Украина оппозициясының жетекшілері 11 желтоқсанда президент Виктор Януковичтің келіссөздер жүргізуге шақыруын қабыл алмады. Оппозиция жетекшілері үкіметтің тек отставкаға кетуін талап ететінін тағы мәлімдеді.

Бүгін премьер-министрдің орынбасары Сергей Арбузов Брюссельде Еуропа одағы сыртқы кеңею істері бойынша комиссары Штефан Фюлемен кездесіп, Украинаның ЕО-мен ассоциация келісімін талқылайды деп жоспарланып отыр.

Пентагонның хабарлауынша, АҚШ қорғаныс министрі Чак Хейгель Украина қорғаныс министрі Павел Лебедевпен телефонмен сөйлесіп, демонстранттарға күш қолданбауды ескерткен. Ал АҚШ мемлекеттік департаменті "Украинаға қарсы санкциялар салу мәселесі талқыланып жатқаны" туралы хабарлады.

Өткен айда Украина үкіметінің ЕО-мен еркін сауда және саяси ассоциация туралы келісімнен бас тартып, оның орнына Ресеймен экономикалық байланыстарды нығайтатыны туралы мәлімдемесі халық наразылығын тудырған еді.

АҚШ бұған дейін репрессивті режимдердің өкілдеріне олардың банктегі есепшоттарын бұғаулау және АҚШ-қа кірулеріне шектеу қоюлар арқылы санкциялар салып келген.
XS
SM
MD
LG