Accessibility links

Шыңжаңда полициямен қақтығыста 16 адам өлді


Шыңжаңдағы қытай әскері. Көрнекі сурет
Шыңжаңдағы қытай әскері. Көрнекі сурет
Қытайдың билік орындары 15 желтоқсан күні Шыңжаңда болған қақтығыс кезінде 14 тұрғын, 2 полицей қаза тапқанын хабарлады. Бұл автономиялық аудан тұрғындарының басым көпшілігі - этникалық ұйғырлар.

Жергілікті билік орындарының ақпаратына сәйкес Қашқар қаласының полициясы қылмыс жасады деп күдікке ілінгендерді тексермек болып қала түбіндегі елді мекенге бара жатқанда оларға қаруланған топ шабуыл жасаған.

“Полиция шешімді түрде қарымта қайтарған” деп хабарлайды жергілікті билік орны. Ресми мәліметке сәйкес қақтығыс кезінде жалпы саны 16 адам өліп, 2 адам қамауға алынған.

Өткен айда Қашқарда осыған ұқсас және бір қақтығыс болып 9 бейбіт тұрғын мен 2 полицей өлген еді.

Қытайдың Шыңжаңдағы қауіпсіздік шараларын күшейте түскені биылғы қазанда Пекинде болған оқиғадан соң байқалды. Пекиннің орталығында жүрген қалың туристерді күтпеген жерден бір көлік келіп қаққан кезде бес адам қаза тапқан еді.

Қытай билігі бұл шабуылдарды Шыңжаңнан шыққан Шығыс Түркістан исламшыл қозғалысы мен "жиһадшы экстремистер" жасады деп санайды. Пекин аймақтағы мұсылмандар түрлі қысымға ұшырап келеді деген сын-ескертпені қабылдауға құлықсыз.

Адам құқығын қорғау ұйымдары мен Шыңжаңдағы түркітілдес мұсылман этникалық топтардың өздері мәдениеті, тілі мен дініне қатысты көп шектеу көретінін айтып шағынады.
XS
SM
MD
LG