Accessibility links

Тбилиси мэрінің қызмет өкілеті тоқтатылды


Тбилиси мэрі Гиги Угулава.
Тбилиси мэрі Гиги Угулава.
Тбилиси қалалық соты қала мэрі Гиги Угулаваның қызмет өкілетін тоқтатты. Бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің серігі Угулава өткен аптада "мемлекет қаржысын дұрыс жұмсамады" деп айыпталып, тергеуге алынған.

Гиги Угулава сот шешімінің саяси астары бар деп, қызмет өкілетін қайта қалпына келтіру үшін күресетінін мәлімдеді. Угулаваның адвокаты Тбилиси сотының үстінен елдің жоғарғы сотына шағымданатындарын айтады.

Угулава өткен аптада өзіне қарсы тергеуді ұйымдастырып отыр деп бұрынғы премьер-министр Бидзина Иванишвилиді кінәлаған. Ол "Иванишвили қазіргі инфрақұрылым және әлеуметтік даму министрі Дэвид Нарманияны Тбилиси мэрі еткісі келеді" деп санайды.

Бидзина Иванишвилидің "Грузия арманы" партиясы былтыр қазанда парламент сайлауында жеңіске жеткеннен бері Михаил Саакашвилидің жақтастарына қарсы тергеулер басталып, бірнеше іс қозғалған.
XS
SM
MD
LG