Accessibility links

"Прайм-Плазадағы" оқиға бойынша екі жасөспірім сотталды


Қайрат Нұртас концертінен кейін "Прайм Плаза" орталығының аумағында қирап жатқан заттар. Алматы, 30 тамыз 2013 жыл.
Қайрат Нұртас концертінен кейін "Прайм Плаза" орталығының аумағында қирап жатқан заттар. Алматы, 30 тамыз 2013 жыл.
Алматыдағы "Прайм Плаза" ойын-сауық кешенінде болған тәртіпсіздіктерге қатысты қозғалған екі қылмыстық іс бойынша Алматының ауданаралық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған соты екі жасөспірімге үкім шығарды деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары.

Сот қылмыстық істерде айыпкер деп танылған 16 жастағы Руслан К. мен 18 жастағы Аманжол Қ. есімді екі жас азаматтың бостандығын екі жыл мерзімге шектеу жазасын тағайындаған. Тәртіпсіздік жасалған кезде Аманжолдың жасы 18-ге толмағандықтан оның үстінен қозғалған қылмыстық іс кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі арнайы сотта қаралған.

Екеуі де сот кезінде өз айыптарын мойындап, жасаған істеріне өкінетіндерін айтқан. Сот шешіміне сәйкес, енді екеуіне де сағат 23.00-ден соң ойын-сауық орындарына баруға, тұрғылықты жерін өзгертуге немесе қадағалау органының рұқсатынсыз басқа жаққа кетіп қалуға тыйым салынады.

Бұған дейін осы іске қатысты тағы бір жасөспірімге дәл осындай жаза берілген еді.

Алматыдағы "Прайм Плаза" ойын-сауық кешенінде биыл 31 тамызда әнші Қайрат Нұртас қатысқан концерттің соңы жаппай тәртіпсіздікке, жастардың полициямен қақтығысына ұласқан еді. Сол күні полиция бөлімшесіне 165 адам жеткізіліп, оның біразы алдын ала тергеуден кейін босатылған. Кейін Алматы қалалық ішкі істер департаменті "тәртіпсіздіктерді бастады, көлік тонады" деген күдікпен бірнеше адамды тұтқындағанын хабарлаған.

Оқиғаға байланысты қылмыстық кодекстің "бұзақылық" және "тонау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сонымен бірге, концертті ұйымдастырушылардың үстінен "міндеттеріне жауапсыз қарады" деген бап бойынша іс қозғалған еді.
XS
SM
MD
LG