Accessibility links

Швейцария Ходорковскийге виза берді


Михаил Ходорковский. Берлин, 22 желтоқсан 2013 жыл.
Михаил Ходорковский. Берлин, 22 желтоқсан 2013 жыл.
Швейцария ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковскийге виза берді. Бұл туралы Швейцарияның Германиядағы елшілігі 30 желтоқсан күні хабарлады.

Елшіліктің баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, Ходорковскийге виза үш ай мерзімге берілген. Виза оған Еуропаның Шенген аймағына кіретін мемлекеттері арасында еркін жүріп-тұруға мүмкіндік береді. Шенген аймағына Швейцария да кіреді.

Ходорковскийдің ұлы Швейцарияда оқиды және онда өзінің де жұмыстары бар.

Михаил Ходорковский Ресей президенті Владимир Путин рақымшылық жасағаннан кейін, 20 желтоқсан күні түрмеден босатылып, Берлинге ұшып барған.

Германия үкіметі оған бір жылға виза берді.

Биыл 50 жасқа толған Михаил Ходорковский 2003 жылы тұтқындалғанға дейін Ресейдегі ең ірі ЮКОС мұнай компаниясын басқарған. 2005 жылы «салық төлеуден жалтарды» деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған Ходорковскийге 2010 жылы «табысын жасырды» деген айыппен екінші мәрте жаза кесілген. Жақтастары Ходорковскийге тағылған айыптардың саяси астары бар деп санайды. Оның түрме жазасы 2014 жылдың тамызында аяқталуы тиіс еді.
XS
SM
MD
LG