Accessibility links

Мушарраф сотқа жетпей ауруханаға түсті


Первез Мушарраф, Пәкістанның бұрынғы президенті. 29 желтоқсан 2013 жыл
Первез Мушарраф, Пәкістанның бұрынғы президенті. 29 желтоқсан 2013 жыл
Пәкістанның бұрынғы президенті Первез Мушарраф 2 қаңтар күні сот тыңдауына бара жатып ауруханаға түсті. Жол-жөнекей "жүрегі ұстап қалған" Мушарраф Равалпинди ауруханасына жеткізілген.

Оның адвокаты Ахмед Раза Касури: "Ол әскери кардиология институтына қабылданды" деді.

Мушаррафтың қандай жүрек ауруына шалдыққаны белгісіз.

Пәкістанның бұрынғы президенті Первез Мушарраф сотқа "мемлекетке сатқындық жасады" деген айып бойынша шақырылған. Бұған дейін өтуі тиіс екі тыңдауға ол қауіпсіздігіне қатер төнді деген себеппен қатыспай қалған.

2 қаңтар күні оның адвокаттары сот залынан шығып кетіп, өздеріне қысым, қоқан-лоқы жасалғанын мәлімдеді.

Отставкадағы генерал Мушаррафқа тағылған "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыпқа оның 2007 жылы елде төтенше жағдай жариялап, конституцияны уақытша тоқтатқаны негіз болған. Оны 2007 жылы қастандықтан қаза тапқан Беназир Бхуттоның қауіпсіздігін қажетті деңгейде қамтамасыз етпеді деп те айыптайды. Мушарраф өзіне тағылған айыптың "саяси астары бар" деп санайды.

1947 жылдан бері үш әскери төңкерісті бастан кешкен Пәкістанда Мушарраф - сотқа тартылып тұрған алғашқы әскери басшы. Ол айыпты деп танылса, өлім жазасына, не өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілуі мүмкін.
XS
SM
MD
LG