Accessibility links

Египетте шеруді тарату кезінде 11 адам қаза тапты


Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурси жақтастары полициядан қашып жүр. Каир, 3 қаңтар 2014 жыл.
Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурси жақтастары полициядан қашып жүр. Каир, 3 қаңтар 2014 жыл.
Египеттің денсаулық сақтау министрлігі "жұма күнгі шеруді тарату кезінде 11 адам қаза тапты" деп хабарлайды.

Египет полициясы тыйым салынған "Мұсылман бауырлар" ұйымы жақтастарының шеруін тарату үшін күш қолданған. Каир, Александрия, Исмаилия, Файюм қалаларында адам шығыны болған.

Шерулерді тарату кезінде 50-ден астам адам жараланған. "Мұсылман бауырлар" ұйымының 122 жақтасы ұсталған. Ал "Мұсылман бауырлар" ұйымы таратқан ақпаратқа қарағанда, қаза тапқандар саны - 19.

Египетте жақында шерулер өткізуге тыйым салынған еді. Осы заңға қарсы жұма күні мыңдаған адам шеруге шыққан.

Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурси 2013 жылы шілде айында биліктен тайдырылды. Содан бері оның жақтастары мен оған қарсылар қақтығысып келеді. Қақтығыстар кесірінен Египетте жүздеген адам опат болып, мыңдаған адам абақтыға қамалды.

Қазіргі билікке деген қарсылық өткен айда "Мұсылман бауырлар" ұйымы террорлық ұйым деп жарияланып, оның қызметіне тыйым салынғалы күшейе түскен.

Египетте жаңа конституция жасалып, осы айдың соңында ол референдумға шығарылмақ.
XS
SM
MD
LG